A+ A A-

talgatzhan 31 21-05-2025, 14:00 0

ШҚО әкімі кәсіпорындар үшін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды

Бүгін / ШҚО

Жақында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапарын үзіп, өңірге оралды. Ол оқиға орнына барып, «УК ТМК» АҚ басшылығымен кездесті. Жағдайды талқылау үшін жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Еске сала кетейік, бұған дейін кәсіпорын аумағында қою түтін шыққаны туралы қала тұрғындары әлеуметтік желілерде ақпарат тарата бастаған болатын.

Кездесуден кейін кәсіпорын аумағында Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің және ШҚО Экология департаментінің өкілдері облыстық прокуратураның қолдауымен тексеру жұмыстарын бастап кетті. Тексеріс барысы мен нәтижесі облыс басшылығының және «Өскемен тынысы» экологиялық қорғаныс бюросының жеке бақылауында.

Кеше анықталғандай, шекті рұқсат етілген концентрациялардың артуы тіркелмегенімен, кәсіпорында шынымен де штаттан тыс жағдай орын алған:

– Сол күні комбинатта №3 хлорлау қондырғысының конденсация жүйесін жоспардан тыс профилактикалық тазалау жұмыстары жүргізілген болатын. Жұмыс барысында гарнисаж құлап, нәтижесінде газоөткізгіш бітеліп қалған. Біздің сынақ зертханасының мамандары санитарлық-қорғау аймағының шекарасында ауадағы хлор мөлшерін әр екі сағат сайын тексеріп отырды, ешқандай артық мөлшер тіркелген жоқ, – деді «УК ТМК» АҚ өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек қорғау және қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Ринат Амиров.

Өңір басшысы атап өткендей, бұл оқиға осындай жағдайлар туындағанда әрекет етудің кезең-кезеңімен жүзеге асатын алгоритмін әзірлеу қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар барлық өндірістік алаңдарда тиісті оқу-жаттығулар өткізу керек. Ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығы.

– Төтенше жағдайлар кезінде ашықтықты қамтамасыз етіп, халық арасында дүрбелең тудырмай, нақты әрі уақтылы ақпарат беру өте маңызды. Жалған ақпараттың таралуына жол берілмеуі тиіс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыстық жедел штаб отырысында өңір басшысы тиісті мекемелердің есептерімен танысты. Қазіргі таңда ауа сапасына жүргізілетін мониторингті күшейтуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдің төтенше жағдайларға дайындығын арттыруды және мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен халық арасындағы жедел әрі ашық коммуникация арналарының жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив