A+ A A-

talgatzhan 28 22-05-2025, 12:50 0

ШҚО-да мемлекеттік қызметшілер қазақ тілінен тест тапсырды

Бүгін / ШҚО

20-23 мамыр аралығында Ұлттық тестілеу орталығы, Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан облыстық лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында диагностикалық тестілеу өтті. Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығы, ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту жөніндегі басқармасының бас сарапшысы Тілеміс Саяжан Сәлімжанұлы қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оған ҚР ҰҚК ШҚО бойынша департаменті, ШҚО Полиция департаменті, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) ШҚО бойынша департаменті, «Қазақстан темір жолы» АҚ, ҚР Ұлттық банкі, «Қазпошта» АҚ, «KEGOC» АҚ, ШҚО Дін істері басқармасы, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейтін 400 адам қатысты. 

Аталған тестілеу мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және мемлекеттік қызметшілердің тілдік құзыреттілігін арттыру тұрғысынан маңызды рөл атқарады. Оның басты мақсаты – азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін нақты анықтап, олардың тілдік дағдыларын жетілдіруге қолайлы жағдай жасау.

Диагностикалық тестілеу сөйлеу әрекетінің негізгі түрлері бойынша – тыңдалым (диалогтар және монологтарды есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған тест тапсырмалары) және оқылым (әртүрлі мазмұнды, түрлі стильдегі мәтіндерді оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған тест тапсырмалары) бағытында жүргізілді. Бұл ақпаратты қабылдау мен түсіну қабілетін барынша нақты бағалауға мүмкіндік береді. Тестілеу мемлекеттік қызметшілердің кәсіби міндеттерін тиімді атқаруы үшін аса маңызды саналады. 

Тестілеу әр қатысушыға өз деңгейін бағалауға ғана емес, мемлекеттік тілді әрі қарай меңгеруге бағытталған жеке ұсыныстар алуға мүмкіндік берді.

Диагностикалық тестілеудің нәтижелері қосымша оқыту бағдарламаларын әзірлеуге және мемлекеттік тіл саясаты аясындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға негіз болады. Айта кетейік, мұндай іс-шаралар мемлекеттік тілді кәсіби коммуникация мен ел ішіндегі өзара түсіністіктің маңызды құралы ретінде нығайтуға ықпал етеді.

Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділік танытқаны және мемлекеттік тілді үйренуге әрі жетілдіруге деген жоғары ынтасы үшін алғыс білдіреді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив