Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінде ерекше күн — болашаққа бағытталған, арман мен сенімге толы Ашық есік күні өтті. Шара аясында қала мектептерінен келген 128 оқушы тәртіп сақшыларының қызметімен танысып, полиция құрылымындағы заманауи техникалар мен құралдарды көру мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ашық есік күнінің дәл соңғы қоңырау күнімен тұспа-тұс келуі шараның маңызын одан әрі арттыра түсті. Өйткені бұл жас түлектер үшін жай ғана танымдық күн емес, болашақ мамандық таңдауда маңызды шешімдер қабылдайтын сәттердің бірі. Департамент мамандары оқушыларға 8 бағыт бойынша дайындалған іс-шаралар аясында ішкі істер органдарының негізгі міндеттері мен қызмет аясын жан-жақты таныстырды.
— Қатысқан балалардың көпшілігі болашақта полиция қызметкері болуды армандайды. Сондықтан біз бұл шара арқылы олардың бойында патриоттық сезім мен жауапкершілікті оятқымыз келеді. Ашық есік күні аясында түрлі байқаулар мен танымдық кезеңдер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 8-9 кезеңнен тұратын бағдарламада мұражайға саяхат пен квест ойындары ерекше қызығушылық тудырып отыр, – дейді ШҚО Полиция департаменті кадр саясаты басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Баяндинов.
Аталған шараға қатысқан №47 жалпы білім беретін мектептен 22 оқушы арнайы дайындықпен келген. Олар екі ай бойы бұл күнге мұқият әзірленген.
— Біз "Жас сақшы" үйірмесіне қатысу арқылы болашағымызға сенімді қадам жасап келеміз деп нық айта аламын. Бұл үйірме бізге Отанға адал қызмет етуді, төзімділік пен мықтылықты, қайсар мінез бен табандылықты үйретеді, – дейді №47 мектептің оқушысы Мерей Әлібекова.
Бұл күн – тек кездесулер мен танысу күні ғана емес, жас буынға ел қорғаны болудың жауапкершілігін сезіндіретін тағылымды тәжірибе алаңы болды.
Пікірлер