A+ A A-

talgatzhan 31 23-05-2025, 12:00 0

ШҚО-да Өңірлік кеңестің отырысы өтті

Бүгін / ШҚО

«AMANAT» партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Өңірлік кеңестің кезекті отырысы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оған мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және салалық ведомстволардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жазғы демалысты, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және сауықтыру шаралары талқыланды.

Сондай-ақ шалғай елді мекендерде балалар мен жасөспірімдер клубтарын дамыту, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында спорт секцияларына тегін қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Отырыста бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу, халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету және көру қабілеті төмен және зағип жандар үшін бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар қосымша білім беру мекемелеріне жүргізілген мониторинг нәтижелері жарияланып, «Artsport» платформасынан «Damubala» жүйесіне көшуге байланысты мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жеткізушілеріне төлемнің кешіктірілуі туралы мәселе көтерілді.

— Біздің басты мақсатымыз – әрбір адам үшін қауіпсіз, тең және қолжетімді жағдай жасау, — деді кеңес төрағасы Сания Аубакирова.

Отырыс қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар мен тапсырмалар берілді, айтылған мәселелер бақылауға алынды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив