Жерлесіміз Әлішер Серікбек өз салмағында 24 келілік гір тасын 187 рет көтеріп, қарсыластарын артта қалдырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
14-19 мамыр аралығында Қырғызстан Республикасының Бішкек қаласында гір спортынан Азия чемпионаты өтті. Аталған бәсекеде сегіз елдің ең үздік атлеттері бақ сынады.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Әлішер Серікбек аталған чемпионатта топ жарып, 1-ші орынды иеленді.
Ол 63 келі салмақта 24 келілік гір тасын 187 рет көтеріп, қарсыластарын артта қалдырды. Бұл нәтиже шығысқазақстандық спортшының қажырлы еңбегі мен жүйелі дайындығының нәтижесі.
– Азия чемпионатындағы жеңісіме зор үлес қосқан жаттықтырушыма алғысым шексіз. Сондай-ақ мені әрдайым қолдап, сенім артқан достарыма да алғыс білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыз маған үлкен күш берді, – деді чемпион.
Фотосурет ШҚУ баспасөз қызметінен
Пікірлер