A+ A A-

talgatzhan 0 30-05-2025, 12:00 0

Өскеменде инклюзивті мультстудия ашылып, балалар анимация жасауға мүмкіндік алды

Бүгін / ШҚО

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Өскеменде балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған инклюзивті анимациялық студия ашылды. Жаңа студия Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана базасында іске қосылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.


Жобаның мақсаты — балаларға, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға анимация әлемін таныстырып, олардың қиялы мен креативтілігін дамыту. Ашылу салтанаты аясында шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, қатысушыларға графикалық планшеттер, «Жанданған суреттер» инновациялық платформасы және «Осьминог» мультстудиясының арнайы жабдықтары таныстырылды.

«Жанданған суреттер» технологиясы арқылы балалар планшетте салған кейіпкерлерін үлкен экранда интерактивті түрде «жандандырып», олармен әрекеттесе алады. Бұл платформада оқыған кітаптар мен ертегілер негізінде қарапайым сюжеттерді өз бетінше жасауға мүмкіндік беріледі.

«Осьминог» мультстудиясы — балаларға арналған толыққанды анимациялық оқу кешені. Онда айналмалы мини-сахна, түрлі көркем фондар (қала, табиғат, ғарыш, су асты әлемі), веб-камера, микрофон және жарық шамдары бар. Бұл жабдықтар арқылы балалар режиссер, оператор, сценарист және суретші рөлінде өзін сынап көре алады.

Ашылу шарасына Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит, шаһар мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері, «Ақ Ниет» арнайы интернатының қызметкерлері, «Үлбі» әлеуметтік орталығының өкілдері және басқа да қонақтар қатысты.

Жоба аясында ұйымдастырушылар балалардың шығармашылығын қолдап, заманауи цифрлық технологияларды қолдануға жағдай жасауды көздейді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив