Облыста «Халық заңгері» атты жалпы республикалық акциясы өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған шараның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету. Тегін өткізілген акцияға әділет органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген тұрғындар мамандардан тікелей кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
ШҚО Әділет департаменті басшысының орынбасары Айдын Әмірхановтың сөзінше, шара дәстүрге айналып, республика тұрғындарының үлкен алғысына ие болуда.
- Осы жолы акция өңірдің бірнеше жерінде өтіп жатыр. Өскемен, Риддер, Алтай қалаларында және Күршім ауданында өтуде. «Халық заңгері» акциясы басталған сәттен бастап бірден өз қажеттілігін көрсетті. Бүгінде бұл жобаны барлығы тағатсыздана күтеді,- деді ол.
Айта кетейік, бұл жиын биыл 9-ыншы жыл қатарынан өтіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Пікірлер