1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов мектеп оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мерекелік шара аясында облыс әкімі білім және спорт саласында жетістікке жеткен жастарды марапаттап, олардың талантын жоғары бағалады.
- Егемен еліміздің болашағы – саналы, салауатты жастар. Өңіріміздің озық ойлы жас ұрпағы әр салада жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келе жатыр. Әрбір талантты жас – өз ұлтының мақтанышы. Біз сіздермен мақтанамыз, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жиынға қала және аудан мектептерінен түрлі салада оқ бойы озық шығып жүрген білім алушылар келді.
- Мен республикалық ғылыми-техникалық байқауда жүлделі орын алдым. Бүгін облыс әкімінің қолынан марапат алу – мен үшін үлкен мәртебе, - дейді Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Әли Бердібек.
Айта кетейік, биыл өңір оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларға қатысып, 185 медаль жеңіп алды. Оның 22-сі алтын, 67-сі күміс 96-сы қола. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиадада облыс құрамасы «Үздік олимпиадалық команда» аталымы бойынша үздік үштікке енді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет автордікі
Пікірлер