Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Глубокое ауданына қарасты ауылшаруашылық тәжірибе станциясының «Опытное поле» базасында алғаш рет «Үздік омарташы» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараның басты мақсаты — елдегі және өңірдегі омарташылықты дамыту, салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсету және омарташылар арасында тәжірибе алмасу. Сонымен қатар бал өндірісінде заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Байқау барысында зертхана қызметкерлері, тәжірибелі омарташылар және жеке шаруашылық иелері араларды баптау, көбейту әдістері мен бал өнімінің сапасы мен көлемін арттыру технологиясына қатысты тәжірибесімен бөлісті.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаментінің директоры Хасым Итқұсов арнайы қатысып, өңірдің үздік омарташылары — Валерий Қасымбаев, Валентина Қасенова, Игорь Свиринский, Ерболсын Оторбаев және басқа да тәжірибелі мамандарға медальдар мен грамоталар табыс етті.
- Қазақстанның, соның ішінде Шығыс Қазақстанның омарташылары соңғы жылдары өндіріс көлемі мен өнім сапасы жағынан елеулі жетістіктерге жетті. Ресми статистикаға сәйкес, 2023 жылы қазақстандық омарташылар сыртқа 250 тонна бал экспорттаса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 600 тоннадан асты, — деді Хасым Итқұсов.
«Үздік омарташы» байқауының жеңімпаздары жоғары кәсібилігі мен салаға қосқан үлесі үшін лайықты марапаттарға ие болды.
Пікірлер