A+ A A-

talgatzhan 31 2-06-2025, 18:00 0

ШҚО-да ауыл шаруашылығы санағы басталады

Бүгін / ШҚО

Қазақстанда 1 тамыз - 20 қазан аралығында аграрлық сектордың жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған статистикалық бақылау — Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл туралы ҚР Стартегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған санақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі кезеңде жүргізіледі.

1–31 тамыз аралығында — респонденттер sanaq.gov.kz порталында санақ парақтарын өз бетінше толтыра алатын онлайн-сауалнама;

20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында — онлайн-анкета толтырмаған үй шаруашылықтарына интервьюерлер баратын офлайн-кезең.

Маусым айында өңірдегі бес қалада санаққа қатысушылардың тізімін нақтылау мақсатында алдын ала аралау жұмыстары өтеді.

Ерназ Нұрлановтың айтуынша, санаққа қатысу — елдің ауыл шаруашылығының болашағына қосылатын үлес.

- Азаматтарды санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл — жай ғана статистикалық шара емес, азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және өңірлерді дамыту бойынша шешімдердің негізі. Тек сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді ол.

Санаққа өсімдік, мал, балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, фермерлік қожалықтар және жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын, мал ұстайтын, бау-бақшасы не жері бар үй шаруашылықтары қатысуы тиіс:

Облыс бойынша 92 мыңнан астам үй шаруашылығы мен 9,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі қамтылады деп күтілуде. Санақты өткізу үшін 150-ден астам интервьюер жұмыс істейтін болады.

Азаматтардың ыңғайлығы үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өз бетінше қызмет көрсету аймақтары ашылады. Сондай-ақ sanaq.gov.kz сайтындағы Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгінуге немесе 1446 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив