
Құрбан айт – мейірім мен бірліктің мерекесі: ШҚО бас имамы Құрбан айттың мән-маңызы туралы айтып берді
6 маусым – Құрбан айт мерекесі. Ол мұсылман жұртшылығы үшін ең ұлық мейрамдардың бірі болып саналады. Бұл күн – Алла разылығы үшін құрбандық шалынып, қайырымдылық пен мейірімнің, бауырмалдық пен бірліктің асыл құндылықтары дәріптелетін ерекше уақыт. Халықты ізгілікке үндейтін бұл мерекенің мәні мен маңызы, шариғат талаптары мен қоғамдағы орны жайлы біз Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Думан Сайфулламен сұхбаттасып, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Құрбан айт мейрамына орай облыс аумағында қандай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады?
– Құрбан айт – бүкіләлемдік мұсылмандардың ұлық мерекесі. Бұл мерекенің ерекшелігі – ғибадат пен құлшылықтан басталып, одан кейін барып құрбандық шалынады. 6 маусым күні таңғы 7.00-де Құрбан айт намазы оқылады. Намазы оқылғаннан кейін мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Оның ішінде халық арасында қазақ күресінен түйе палуан жарысы өтеді. Сайысқа кез келген адам қатыса алады, жарыс соңында бағалы сыйлықтар беріледі. Одан бөлек гір көтеру спортынан да сайыс өткізіледі. Мерекелік концертте қазақы әндер шырқалатын болады. Күй тартыс, айтыс бағдарламалары қарастырылған. Соңында қайырымдылық жәрмеңкесі өтеді.
– Қайырымдылық шаралары туралы айта кетсеңіз...
– Құрбандыққа шалынған малдың етін біз көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға апарып таратамыз. Өңіріміздегі аудандармен байланысып, қанша отбасы бар екенін санап көрдік. Шығыс Қазақстан бойынша шамамен 450-500 отбасына қайырымдылық жасауды жоспарлап отырмыз.
– Құрбандық шалуға арналған арнайы орын бар ма?
– Құрбандық қала сыртында шалынады. Нақты айтсақ, Ұлан ауданына шыға берістегі Атығай асуы деген жерде. Көпқабатты үйде тұратын адамдарға қолайсыз болғандықтан, құрбандық малын сатып алып, Атығай асуында құрбандық шалуға мүмкіндіктер бар.
– Құрбандық шалуға бірінші күні үлгермесе, екінші немесе үшінші күні шалуға бола ма?
– Иә, әрине. Алғашқы айт намазы оқылғаннан кейін 3 күннің ішінде, яғни 6,7,8 күн батқанға дейін құрбандық шала беруге болады.
– Айт кезінде мешітке қанша жамағат келеді?
– Халифа Алтай мешіті 3 000 адамға арналған. Яғни, бір мезетте осыншама адам келіп, намаз оқи алады. Бірақ, Құрбан айт кезінде екі есе көп адам жиналады. Шамамен 5 000 – 6 000 адамдай жиналып, айт намазы оқылады.
– Құрбандыққа шалынатын малға қандай талаптар қойылады?
– Жаратушы Иеміз Қасиетті Құранда «Әл-Имран» сүресінің, 92-ші аятында «Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша, игілікке жетпейсіңдер» деген. Мысалы, киім беруді ниет ететің болсаңыз, оның ішіндегі жақсы көретін, жақсы киімді берген дұрыс. Өйткені, жыртылған, үйде бос жатқан ескі киімді кез келген адам бере алады. Алла жолында сауап болсын деген ниетпен мұқтаж адамға берген соң ол да бір қуаны алса, бергені сауап болады. Құрбандықта да тура сондай қағида. Адам құрбандық шалған кезде малдың ішінен ең жақсысын, ең тәуірін, ең семізін, ұнамдысын шалған дұрыс. Ғалымдардың айтуынша, садақа мұқтаж адамның қолына бармастан бұрын, Алланың қолына барады. Сол үшін, ақсақ, құлағының немесе тісінің жартысы жоқ, ауру, әлсіз малдарды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Құрбандықтың өз шарттары бар. Оның ішінде кемшіліксіз болуы керек және малдың жасы ескеріледі. Атап айтсақ, қой 1 жасқа толған немесе 6 айлық семіз қой болса, ешкі нақты 1 жас, сиыр 2 жас, түйе 5 жасқа толған болуы керек.
– Құрбандық шалу кімдерге міндетті?
– Дінде уәжіп деген түсінік бар. Оның мағынасы – міндетті амал. Нисаб мөлшері жеткен адамға, яғни 85 гр алтын құнына тең дүние мүлкі бар адамға құрбандық шалу міндет. Ондай дүние мүлкі болмаса, құрбандық шалу міндет емес. Бірақ өзі қалап, мен сауап үшін құрбандық шаламын десе, оған рұқсат. Сондықтан бұл нәрсе барлық адамға бірдей міндетті емес.
– Онлайн құрбандық шалуға бола ма?
– Иә, биыл республика бойынша «Құрбан – 2025» сайты жұмыс істейді. Шетелде жүрген, сапардағы және мүмкіндігі жоқ адамдар осы сайт арқылы құрбандық шала алады. Сайтқа кіріп, өзі қалаған өңірді таңдап, жанында бағалары жазылып тұрады, соған сай қаражат аудара алады. Ақша жіберілген соң арнайы мамандар соған қойды алып, шалып, видео есебін жібереді.
– Онлайн құрбандық шалған адам өзі шалғандай сауап ала ма, әлде қалай?
– Шариғатта өкілдік деген нәрсе бар. Егер адамның өзінде мүмкіндігі болмаса, мен өкілдігімді осы адамға бердім дейді. Әлгі адам оны қабыл алып, сол адамның атын атап құрбандық шалса ол өзі шалғандай болып саналады.
– Құрбандық шалуға шамасы келмесе не істеуі керек?
– Туысқандық қарым-қатынасты жаңғырту, балаларды қуанту, жақсы киімдерін киіп, керемет мерекелік көңіл-күйде жүру сауапты іс болып саналады. Жалпы қандай да бір ізгі амалды бұл күндері атқарса оның сауабы еселенеді деп Алла Тағаладан үміт ету керек. Дұғаның ең жақсысы – арапа күні жасалған дұға. Бұл күні ораза ұстауға да болады. Егер адам шынайы ниет етіп ораза тұтса, өте сауапты іс болмақ. Өйткені, хадисте «арапа күнінің оразасы арқылы Алла Тағала келер және өткен жылғы күнәларды кешіруін үміт етемін» деп пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқаны бар.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
– Сіздерге де рахмет, Алла ниетімізді қабыл етсін!
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет: yk-news.kz сайты
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер