Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХХІ сессиясының күн тәртібінде 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет қаралып, өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Динара Жұманованың айтуынша, облыстық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу туралы мәслихат сессиясы қаулысының жобасы бюджет заңнамасының нормаларына сәйкес әзірленді.
- Түзету республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін қайта қараумен байланысты. Үкіметтің 2025 жылғы 8 мамырдағы №314 қаулысына сәйкес республикалық бюджеттен бөлінетін субвенция 27 миллиард теңгеге, нысаналы трансферттер көлемі де 6,7 миллиард теңгеге қысқарды, - деді Динара Жұманова.
Қаржыландыру қысқартылған жобалар мыналар: Өскемендегі Нұрлы жол, 4-ші шағын ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу - 727,9 млн теңге, Риддердегі көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы - 5,9 млрд теңге (нысанды арнайы қор есебінен аяқталады деп жоспарланған), аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын өткізу – 77,3 млн теңге (үнемдеу).
- Республикалық бюджетке 27 млрд теңге қайтарылады. Бюджеттік бағдарламалардың өңірлік әкімшілерінің шығыстарын оңтайландыру арқылы 19,1 млрд теңге, қалалар мен аудандар бюджеттерінің шығыстарын қысқарту арқылы 7,9 млрд теңге үнемделді, - дейді ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы міндетін атқарушы.
Қаржыландырудың қысқартылуына қарамастан, облыста басты инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жалғасады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер