Өскемен қаласының №2 соты Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының есепшілеріне қатысты қылмыстық істі қарады. Екі әйел де аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, бас есепші О. мен есепші Т., 2017 жылдың қаңтар айынан бастап 2024 жылдың тамыз айына дейінгі уақытта алдын ала сөз байласу арқылы мекемеден жалпы сомасы 144 622 868 теңге ақша ұрлаған.
Қылмыс ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабымен, адамдар тобының құрамында қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу деп бағаланды.
Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінді. Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот олардың әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ олар белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Сотталғандар білім басқармасына 144 миллион теңгеден астам материалдық шығынды толық көлемде өтеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер