13 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығында Дүниежүзілік донор күніне орай Ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Орталық директоры Светлана Шмурыгинаның айтуынша, жаз маусымына қарамастан, қан тапсыруға келген донорлар саны аз болмады.
- Біздің парақшамыз 98%-ға танымал. Сол арқылы халық арасында сауалнама жүргіземіз. Яғни, халық біз туралы біледі, жаңалықтарымызды қадағалап отырады, донацияға қалай дайындалу керек екенін түсінеді. Бұл донорлардың сауаттылығының артқанын көрсетеді. Көпшілік мұны әлеуметтік маңызды іс ретінде оң қабылдайды. Біз жыл бойы маңызды мерекелерде түрлі акциялар өткізіп тұрамыз. Донорларға алғысымызды білдіреміз. Ал бүгінгі шара ерекше түрде өткізілуде. Донорсыз қан қызметі жұмыс істей алмайды, – деді Светлана Шмурыгина.
Мерекелік шара барысында донорларға өңірдегі ірі медициналық мекемелердің дәрігерлері мен науқастары жолдаған алғыс сөздері бейнежазба арқылы көрсетілді.
Айта кетейік, 2024 жылдың қараша айында ШҚО Қан орталығы кезекті аккредитациядан сәтті өтіп, үшінші мәрте жоғары санатын растады.
Жыл басында донорды алғашқы қабылдау кезінде тексеруден өткізуге арналған зертханалық қызметті жабдықтауға шамамен 20 миллион теңге бөлінді. Жақын арада қанның жалпы талдауын жүргізуге арналған жаңа анализатор орнатылады деп күтілуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр, бір ай көлемінде орталық жаңа жабдықты алады.
Пікірлер