Өңірде Медицина қызметкері күніне орай «Шығыс медицинасы-2025. Негізділік. Жаңару. Жауапкершілік» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтаганов дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі ниетін білдірді.
- Қадірлі медицина қызметкерлері және ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің әрбір күндеріңіз - халыққа қалтқысыз еңбек етудің, зор жігерліліктің және халыққа көрсеткен махаббаттарыңыздың белгісі. Сіздер әрдайым азаматтардың денсаулығы мен өмірі үшін күресіп келесіздер. Денсаулық сақтау жүйесінің дамуы – мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі. Медицина – қарқынды дамып келе жатқан сала, соңғы жетістіктер халық игілігі үшін пайдаланылып, медицина қызметкерлеріне жетуі қажет. Бүгінгі таңда медицина қызметкерінен тек жанқиярлық және кәсіби шеберлік ғана емес, тұрақты даму, медицинадағы соңғы жетістіктерді меңгеру және жаңа технологияларды енгізу де талап етілуде. Шығыс Қазақстан облысында, соның ішінде ауылдарда да емдеу мекемелерінің кең жүйесі қалыптасқан. Соңғы жылдары денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, жабдықтау және құрылысын сплу жүйелі атқарылуда. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жетілдіру» ұлттық жобасы аясында 35 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Биыл басталған нысандардағы жұмыстар жалғасын табады. Атап айтқанда, гематология орталығы мен Риддердегі емхана. Сонымен қатар ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусындағы 1–3 қабаттағы бөлімшелерді жаңғырту, Ана мен бала орталығының стационарының ғимаратын перинаталдық орталыққа ауыстыру жұмыстары атқарылады. Қ.Қайсенов кентінде 150 келушіге арналған емхана пайдаланылуда.
Шара барысында облыс әкімі үздік медицина қызметкерлеріне ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құрмет грамоталары мен төсбелгілерін, облыс әкімдігінің грамоталары мен алғыс хаттарын табыс етті. Ал облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаков ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хаттарын берді. Еңбек сіңірген дәрігерлерге «Сенім» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздік» төсбелгілері берілді.
Салтанатты шарада емделуші балалардың ата-аналары ақ халатты абзал жандарға алғыс білдірді. Мереке концерттік бағдарламамен және естелік суретке түсумен аяқталды.
Пікірлер