A+ A A-

talgatzhan 0 19-06-2025, 17:30 0

Зайсан ауданында ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту үшін 146 млн теңге жұмсалған

Бүгін / ШҚО

2025 жылдың алғашқы бес айында Зайсан ауданы тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызының сөзінше, ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 6,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 24,7%-ға артқан.
- 4 мың тонна ет, 5 мың тонна сүт өндіріліп, мал басы да тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінде ауданда 85 мың ірі қара, 99 мың қой-ешкі, 47 мың жылқы тіркелген, - деді ол.
Ресми ақпаратқа сенсек, егістік алқабы 12,4 мың гектарды құрап, негізгі дақылдар ретінде бидай, арпа, тары, майлы дақылдар мен көкөністер егілуде. 
- Суармалы жерлерді тиімді пайдалану үшін Үйдене су қоймасын қайта жаңғырту және Кендірлік өзеніне су қоймасын салу жобалары маңызды, – деді әкім.
Сондай-ақ 113 шақырым шаруашылық каналдарын қалпына келтіру жобасы дайындалуда. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 146 млн теңге жұмсалған. "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 48,2 млн теңгеге 5 жоба мақұлданып, ауылдағы кәсіпкерлікке серпін берілді. Оның ішінде, балық сақтау, ұн және май цехтары, аяқ киім өндірісі мен жоғары жылдамдықты интернет жобалары бар. Өнеркәсіп өнімдері 3,8 млрд теңгеге жетіп, 15,9%-ға артқан. Ал инвестиция көлемі 7 млрд теңгені құрап, құрылыс саласында 8,3 млрд теңгенің жұмыстары орындалды. Нәтижесінде 2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 
- Зайсан ауданында қоғамдық-саяси және діни ахуал тұрақты. Біз халықпен бірлесе отырып, елдің амандығы мен өңірдің өркендеуі үшін жұмыс істеп келеміз. Алдағы уақытта да береке-бірлігіміздің арқасында ел мүддесі үшін аянбай еңбек етеміз, – деп қорытындылады өз сөзін Аэлита Ахметсәлімқызы.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив