Шығыс Қазақстан Өнер музейінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ольга Плотникованың жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ол кісі тек суретші емес, педагог, «5 чувств» арт-студиясының негізін қалаушы және көптеген өңірлік, республикалық көрмелердің қатысушысы. Байқағанымыздай, Ольга Плотникованың «Жібек пастель, барқыт майлы бояу» атты жаңа көрмесінде түстің тереңдігі мен жан жылуы сезіледі. Экспозиция атауы кездейсоқ қойылмаған. Ол автордың көркемдік мәнерін дәл жеткізеді.
– Ең алдымен, бүгінгі шараға келгендеріңізге үлкен рақмет. Суретші үшін ең маңыздысы – оның өнер туындысына деген құрмет пен қолдау. Бұл шығармашылық ізденіске шабыт береді. Келушілер ұсынылған қырықтан астам жұмыстың ішінен портреттер, натюрморттар, пейзаждар, ғарыш тақырыбындағы қиял-елестерді, сондай-ақ тарихи мотивтерді тамашалай алады. Қолданылған майлы бояу, акрил және пастель – менің жұмыстарымда ерекше тактильді әрі эмоционалды мәнермен ашылады. Кез келген картина ішкі эмоциям мен жан дүниемнің көрінісі, – деді суретші.
Музейдің көрме залы бөлімінің меңгерушісі Мақпал Нұрахметқызы да жылы лебізін білдірді:
– Шығармашылықты, өнерді сүйетін жандарды көргеніме шын жүректен қуаныштымын. «Жібек пастель, барқыт майлы бояу» көрмесі өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ольга Плотникованың еңбектеріне қызыға қараймын. Өнеріңіз өрлей түссін. Әлі де дами беріңіз, өсе беріңіз, – деді ол.
Пікірлер