Жиын қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл, интернет-алаяқтық, дропперлік әрекеттер және интернет-гигиенаны сақтау мәселелеріне арналды. Форумға Өскемен қаласының әкімі, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, еңбек ұжымдары мен жастар қозғалыстарының мүшелері қатысты.
- Бүгін біз XXI ғасырдағы қаржылық триггерлер туралы әңгімелесу үшін жиналдық. Оның ішінде цифрлық гигиена тақырыбын қозғадық. Бұл – интернетте өзіңізді қорғау үшін қалай әрекет ету керектігіне қатысты ережелер жиынтығы. «Қарызсыз қоғам» жобасына келетін болсақ, бұл – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған бастама. Биыл біз қиын қаржылық жағдайға тап болған, алаяқтардың құрбаны болған азаматтармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл ретте оларға жағдайдан шығудың жолын табуға көмектесеміз. Халықты ақпараттандыру және өзекті мәселелермен жұмыс істеу бағытында Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Жалпы өзіңізді қорғаудың бірнеше жолдары бар. Солардың бірі – «Стоп кредит» функциясын қосу. Бұл қызмет арқылы азамат өз атына бөтен адамдардың несие рәсімдеуіне тосқауыл қоя алады. Бұл – алаяқтардан қорғанудың тиімді тетіктерінің бірі, - дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының менторы Ермек Жұмағұлов
Форум аясында қатысушыларға заманауи қаржылық қауіптер туралы жан-жақты ақпарат беріліп, алаяқтық әрекеттерден қорғанудың жолдары талқыланды. Сонымен қатар интернеттегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызы атап өтілді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер