Биыл Катонқарағайға 200 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімі Данияр Дүйсенбаевтың айтуынша, 2025 жылы Катонқарағайда туристер саны 25%-ға артпақ.
Бүгінгі таңда ауданда 97 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында шипажай, қонақүйлер, демалыс орындары, пантамен емдеу орталықтары, кемпингтер, этноауылдар, Ұлттық табиғи парк аумағындағы туристік үйлер бар. Аталған нысандардың бір мезетте қабылдау мүмкіндігі – 2062 адам. Сонымен қатар ауданда 10 туристік маршрут және 4 экскурсиялық соқпақ жол (жалпы ұзындығы 674 шақырым) қарқынды дамуда.
Аудандағы туризм инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі — жаңа әуежайдың құрылысы. Аудан әкімінің сөзінше, болашақта Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларына рейстер ашылады. Сонымен қатар Қытайдың Қанас қаласына және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына халықаралық рейстер жоспарланып отыр.
2025 жылы 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда:
1. Топқайың ауылындағы халықаралық деңгейдегі «Wellness Resort» қонақүй кешенінің құрылысы – 8,8 млрд теңге;
2. Ақшарбек ауылындағы «Верх-Катунь» пантамен емдеу орталығын кеңейту – 400 млн теңге;
3. Аршаты ауылындағы «Altay Resort» шипажай кешенінің құрылысы – 2 млрд теңге;
4. Өрел ауылындағы «MuzTau» эко-қонақүйі аумағында мейрамхана салу – 200 млн теңге;
5. Катонқарағай ауылындағы «ALTAY TERRA RESORT» туристік кешенінің құрылысы – 500 млн теңге.
Пікірлер