Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте ауыл шаруашылығы жануарларын қыс мезгіліне дайындау жұмыстарының барысы қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің мәлімдеуінше, өткен жылы 34 млн тонна шөп дайындалып, бұл малды қыстан аман алып шығуға толық мүмкіндік берді. Қорда 9 млн тоннадан астам шөп, пішендеме және сүрлем қалды.
Аманғали Бердалин мал шаруашылығы субъектілерін жем-шөппен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
Бекітілген Жол картасы аясында биыл азықтық дақылдар 3,329 млн гектар жерге орналастырылады деп жоспарланған еді, ал егіс қорытындысы бойынша нақты 3,349 млн гектарға себілді. Биыл 24,5 млн тонна шөп, 1,7 млн тонна пішендеме және 2,1 млн тонна сүрлем дайындау жоспарланған.
Қазіргі таңда 3,1 млн тонна шөп дайындалды. Жұмыс қарқыны оңтүстік өңірде, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жоғары.
Алайда бірқатар аймақта шөп дайындық деңгейі өте төмен. Осыған байланысты Айдарбек Сапаров жұмысты шұғыл жандандыру қажеттігін қатаң ескертті.
Пікірлер