Шығыс Қазақстан облысының әкімі «Қазақстан» тауы аумағындағы санитарлық-гигиеналық жағдайды шешуді тапсырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскемендегі Мемлекеттік рәміздер тауы – қаланың ең танымал көрікті орындарының бірі. Бұл жерде ресми іс-шаралар өткізіліп, фотосессиялар мен флешмобтар ұйымдастырылады, қала тұрғындары мен туристер жиі келетін сүйікті орынға айналған. Алайда, бүкіл аумақта бірде-бір санитарлық торап орнатылмаған. Яғни, келушілер үшін дәретхана да, қарапайым жағдай да жасалмаған.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл – мүлде жол беруге болмайтын жағдай.
– Бұл жай ғана серуендеу алаңы емес. Мұнда мемлекеттік рәміздер орналасқан, бұл – Өскемен қаласының бет-бейнесі. Ол қазіргі көрінісінде болмауы тиіс. Бізде қаланың қонақтарын ең қарапайым жағдай жасалмаған жерге шақыруға ешқандай құқымыз жоқ. Бұл – мүлде қабылдауға болмайтын нәрсе, – деді аймақ басшысы.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыру мәселесі қаралды. Осы жиында Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан тауын абаттандыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Оның ішінде:
санитарлық-гигиеналық модульдерді жедел орнату;
аумақты тұрақты түрде тазалау;
қосымша орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату;
жайлы демалыс үшін жағдай жасау бойынша тапсырмалар болды.
Аталған тапсырмаларды орындауға Өскемен қаласының әкімдігі, ішкі саясат басқармасы жастар ұйымдарымен бірлесіп, сондай-ақ облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы жұмылдырылды. Жұмыстардың мерзімі нақты белгіленген және, аймақ басшысы атап өткендей, олардың орындалуы қатаң бақыланатын болады.
Пікірлер