ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазановтың мәліметінше, биыл аймақта құны 45,2 млрд теңгені құрайтын 27 жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның 10,9 млрд теңгесі республикалық, 3,5 млрд теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Осылайша, ауылдардағы жаңа жүйелердің құрылысы бойынша 4 жоба (4,5 млрд теңге), елді мекендерде қолданыстағы желілерді қайта жаңғырту бойынша 17 жоба (8 млрд теңге), қалаларда қайта жаңғырту бойынша 6 жоба (1,9 млрд теңге) жүргізілуде.
- Жыл соңына дейін 11,9 млрд теңгеге 16 жобаны аяқтау жоспарланған. Оның 8-і халықтың ауызсуға қол жеткізу көрсеткішіне әсер етеді. Атап айтқанда, Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылындағы сумен жабдықтау құрылымдарын және олармен байланысты желілерді қайта құру 75%-ға, Шемонаиха ауданына қарасты Большая речка ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы 30%-ға, Березовка ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы 15%-ға, Ұлан ауданына қарасты Отрадное ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы 35%-ға, Асубұлақ ауылындағы сумен жабдықтау желілерін қайта құру 33%-ға, Бозанбай ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы 7%-ға дайын. Ал Өскемендегі Комсомольский кентінде жобаның дайындық деңгейі 50%-ды құрайды, - деді ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.
Белгілі болғандай, тиісті жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтап, халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен тағы 2,99 млрд теңге қажет.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер