28 маусым күні Тарбағатайға іс-сапар барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қалбатау-Майқапшағай тасжолының жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұзаққа созылған Қалбатау-Майқапшағай тасжолының жөндеу жұмыстары биыл қыркүйектің аяғында аяқталады.
- ШҚО-ға тиесілі 5 учаскеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олардың жалпы шақырымы - 231 км. Қазір оның 217 км учаскесіне асфальт қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді 1 учаске ғана қалды. Қалған жерлерде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ал Тарбағатай ауданында бітпеген 6 учаске қалды. Қыркүйек айының соңына дейін бітіру жоспарланып отыр, - деді ШҚО бойынша "ҚазАвтожол" компаниясы директорының орынбасары Алтай Сәркен.
Жөндеу барысымен танысқан өңір басшысы жұмысты дер кезінде аяқтап, қолданысқа беруге тапсырма берді.
- Қандай сұрақтар, мәселелер бар, айтыңыздар. Абай облысы да көмектеседі, басқасы да. Техника жетпей жатса оны да айтыңдар. Керек болса жақсы мердігер де тауып береміз. Уақытынан кешіктіру болмасын. Жаңа байқадым, жол жөндейтін техникалар нағыз жұмыс істейтін уақытта тоқтап тұр. Ол дұрыс емес, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер