«Ауыл» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалының студенттік жасақтардың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының қолдауымен студенттік құрылыс жасақтарының жазғы еңбек маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараны ұйымдастыруға «Ауыл» партиясының ШҚО бойынша өңірлік филиалы мұрындық болды.
Салтанатты жиын мемлекеттік Әнұранмен басталып, патриоттық әндер орындалды. Одан соң «Ауыл» партиясының өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен білім беру ұйымдарының басшылары жастарға құттықтау лебіздерін білдірді. Студенттерге еңбек маусымына байланысты нақты бағыт-бағдар берілді.
- Біздің басты мақсатымыз – жас ұрпақты еңбекке баулу, тәрбиелеу. Болашағымыз – еңбекқорлық пен елдің өркендеуінде. Биылғы көктемдегі су тасқыны кезінде құрылыс компаниялары үлкен көмек көрсетті, соның арқасында Шығыс Қазақстан аймағы аман қалды. Енді студенттер тек теориялық біліммен ғана емес, практикалық дағдыларын да шыңдайтын болады, – деді «Ауыл» партиясы ШҚО филиалы директорының орынбасары Ербол Құмашұлы.
Шараның негізгі мақсаты – жастардың бастамаларын қолдау, еңбек дағдыларын қалыптастыру, патриоттық тәрбие мен әлеуметтік жауапкершілікті арттыру. ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков те өз сөзінде бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялады. Осы бастаманың аясында жастарды еңбекке баулу, жұмысшы мамандықтардың маңызын кеңінен насихаттау – басты мақсатымыз. Былтырғы су тасқыны кезінде "Ауыл" партиясы жанындағы жастар қанаты құрылыс жасақтарының жұмысын жандандырды. Волонтерлік қызмет көрсетіп, гуманитарлық көмек ұсынды. Биыл бұл жұмыс ары қарай жалғасын табуда, – деді ол.
Жазғы еңбек маусымы – жастар үшін достыққа, тәжірибеге және қайрат-жігерге толы жаңа белес. Бұл бастама олардың еңбек дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, қоғамдағы белсенділігін арттыруға да сеп болмақ.
Пікірлер