Өскемен қаласында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектеп – өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров аталған мектептің құрылыс барысымен танысты. Сапардың мақсаты – партияның сайлауалды уәделерінің орындалу барысын бақылау, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуын тексеру, сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарға баға беру.
– Білім – ел болашағы. Бұл мектеп – біздің сайлауалды бағдарламамыздағы маңызды міндеттердің бірі. Мұндай білім ордалары заманауи талаптарға сай салынып, балаларға сапалы білім мен қауіпсіз орта ұсынуы тиіс. Бүгінгі сапардың мақсаты – тек тексеру емес, бұл нысанның ел игілігіне уақытылы берілуін қамтамасыз ету. Халық бізге сенім артты – енді біз сол сенімді ақтауымыз керек, – деді Ерлан Саиров.
Аталған мектеп пайдалануға берілгеннен кейін Өскемен қаласының Жібек маталар комбинаты шағынауданындағы мектепке деген жүктемені едәуір азайтады деп күтілуде.
Мердігер компанияның өкілі Владислав Ракульцевтің айтуынша, нысанның негізгі құрылымы толық аяқталған.
- Қазіргі таңда ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сай атқарылуда. Біз бұл жобаның әлеуметтік маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан құрылыс сапасына және мерзімінде аяқталуына ерекше мән беріп отырмыз. Басты мақсатымыз – балалар үшін заманауи, қауіпсіз және қолайлы білім ордасын уақытылы тапсыру, – деді ол.
Сапар соңында Ерлан Саиров жергілікті атқарушы органдар мен мердігер компания өкілдеріне тамыз айында құрылыс барысын қайта тексеруге келетінін ескертті.
Пікірлер