Облыс әкімдігі Сібе мен Шалқар көлдерінің жағалау аумақтарын ретке келтіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жағажайды абаттандыру жобасын дайындаумен қатар, жергілікті атқарушы органдар Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, жаз мезгілінде жалға берілетін демалыс базалары мен жеке үйлердің иелерімен жұмыс жүргізе бастады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мұндай нысандарды заңды түрде тіркеу қажеттігіне ерекше назар аударды. Жоспарланған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар мәлімдеді.
– Басты міндет – меншік иелеріне құжаттарды заңнамаға сәйкес ретке келтіру қажеттігін түсіндіру және оларды тиісті тіркеуден өткізу. Өйткені тек ресми тіркелген жағдайда ғана мемлекет жағалауды абаттандыруға мүмкіндік алады. Бұл жоба аясында көше жарығын орнату, жолдар мен тротуарлар салу, демалушылар үшін балалар және ойын алаңдарын жабдықтау жоспарланып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Сібе көлі маңында қазіргі таңда 200-ден астам үй тіркелген.
Пікірлер