Өскемен қаласына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары келді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Халық қалаулылары бірнеше күнге жоспарланған сапар барысында әлеуметтік, білім беру және өндірістік бағыттағы нысандарды аралап, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысуда. Сапардың алғашқы күнінде депутаттар екі түрлі бюджет арқылы қаржыландырылып жатқан нысандарға барып, олардың жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ қаладағы әуежайдың инфрақұрылымын көріп, алдағы даму жоспарлары жөнінде жауапты тұлғалармен пікір алмасты.
Депутаттар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жеке меншік оңалту орталығы мен балабақшаға да барды. Бұл мекеме аутизм және басқа да даму ерекшелігі бар бүлдіршіндерге арналған арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Халық қалаулылары мұндағы жағдайға оң баға беріп, осындай орталықтарды көбейту қажеттігін атап өтті.
— Алдағы күндері облыс орталығындағы ірі тау-кен металлургиялық кәсіпорындарға барып, ондағы еңбек жағдайымен, өндірістік әлеуетімен танысамыз. Сонымен қатар қаладағы әлеуметтік маңызды мәселелерге назар аударамыз, — деді Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин.
Сапар аясында олар қаладағы әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысып қана қоймай, партия активімен және жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізуі жоспарланып отыр. Бұл кездесулерде азаматтарды мазалап жүрген мәселелер талқыланып, нақты ұсыныстар мен бастамалар қарастырылмақ.
Пікірлер