Шығыс Қазақстанда облыстық мәслихаттың кезекті XXII сессиясы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар қатысты. Сессия барысында мәслихат депутаттарының осы шақырылымдағы атқарған қызметі бойынша есеп берілді. Атап айтқанда, мәслихаттың жұмыс кезеңінде барлығы 20 сессия өткізілген: 10-ы кезекті, 10-ы кезектен тыс. Осы уақыт ішінде жалпы саны 78 шешім қабылданып, оның 13-і нормативтік-құқықтық сипатқа ие болған.
Облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаковтың айтуынша, қабылданған шешімдер шеңберінде бірқатар маңызды мәселе реттелді. Облыс әкімдігімен бірлесіп жер учаскелері мен олардың мөлшері үшін төлемақы мөлшерлемелері белгіленіп, мемлекеттік орман қоры жерлерін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізілді. Ауылдарда жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және орман шаруашылығы салаларындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесі кеңейтіліп, жалақыларын арттыруға ықпал етті. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелері қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіріліп, жайылымдар мен шабындықтарды тиімді пайдалану мүмкіндігі жасалды. Сондай-ақ облыс зираттарында жерлеу және оны күтіп-ұстауды ұйымдастыру қағидалары әзірленді. Бұл зираттарды күтіп-ұстауға бюджеттен қаражат бөлудің негізгі мәселесін шешуге көмектесті.
Сессияда депутаттар облыс елді мекендерінің жасыл желектерін құру, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекітті. Сондай-ақ облыстық мәслихат "Таза Қазақстан" экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарды қабылдады.
Өңірдің даму жоспарын іске асыру барысы тұрақты бақылауда. Бұл бағытта тұрақты комиссиялардың отырыстары, нысандарға шығу, есептерді тыңдау және депутаттық сауалдар жолдау секілді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Есепті кезеңде тұрақты комиссиялардың 6 отырысы өткізіліп, 18 лауазымды тұлғаның баяндамасы тыңдалған. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданып, тиісті қаулылар қабылданды. Қазіргі таңда облыстық мәслихаттың 15 шешімі тұрақты комиссиялардың бақылауында тұр.
– Депутаттық өкілеттік тек мәслихат сессияларына қатысумен шектелмейді. Бұл – тұрғындармен тұрақты әрі тығыз жұмыс. Осы кезеңде 193 кездесу мен жиналыс өткізіліп, 222 адам жеке қабылдауда болды. Сайлаушылар тарапынан 324 мәселе көтерілді, – деді Денис Рыпаков.
Пікірлер