Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «ШҚО тұрғындарына кардиологиялық көмектің қолжетімділігі туралы» тақырыбындағы баспасөз мәслихаты кезінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірде кардиологиялық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қолжетімді, оған амбулаториялық және стационарлық ем де кіреді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанованың сөзінше, аймақ тұрғындары алғашқы медициналық-санитариялық көмекке, соның ішінде кардиолог мамандардың көмегіне қол жеткізе алады. Сондай-ақ олар ауруханаларда, оның ішінде жансақтау бөлімшелерінде мамандандырылған кардиологиялық көмекке иек артады.
Дегенмен өңірде жалпы өлім-жітім бойынша оң динамика байқалады.
– 2025 жылдың алғашқы үш айында 7%-ға төмендеген. Алайда осы көрсеткіш аясында қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім өсіп отыр, – деді жауапты тұлға.
Мәлім болғандай, тек осы жылдың алғашқы үш айында қайтыс болғандар саны 5,2%-ға артқан – 100 мың адамға шаққанда 238,31 жағдайдан 250,66 жағдайға дейін өскен. Ең көп өсім Ұлан ауданында тіркелді – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге артқан, өсім 11 жағдай. Риддер қаласында – 1,4 есеге артқан, өсім 13 жағдай. Тарбағатай ауданында – 1,3 есеге артқан, өсім 2 жағдай болды, – деді Айнаш Қапанова.
Пікірлер