Шығыс Қазақстанның көрікті өңірі — Горная Ульбинка ауылында елдің барлық өңірінен келген 500-ге жуық делегат «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагерінің «Бір толқында» диалог алаңына жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға ҚР Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Жастар Рухы» жастар қанаты бүгінде елдегі ең ірі жастар ұйымы ретінде 100 мыңға жуық жасты біріктіріп отыр. Ал республикалық лагерь — жас азаматтарды қолдауға арналған өзекті мәселелерді талқылайтын тұрақты жастар алаңына айналды. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында лагерьге 200-ге жуық жас — инженерлер, шахтерлер, металлургтер, жастар көшбасшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, депутаттар жиналды.
Ерлан Қошановтың айтуынша, Мемлекет басшысы жастарға білімге ұмтылу, еңбекқорлық және отансүйгіштік деген үш басымдықты айқындап берді. Бұл — жаңа буынның өмірлік бағыт-бағдары. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселелерін, тұрғын үймен қамту және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелерін шешуге бағытталған «Жұмысшы жастар аманаты» атты жаңа жоба іске қосылуда. Мәжіліс спикері жұмысшы жастар арасынан дарынды көшбасшыларды анықтап, оларды партияның кадрлық резервіне қосу, мемлекеттік қызметке тарту, түрлі саладағы басшылық лауазымдарға ұсыну қажеттігін атап өтті.
«Жастар Рухы» белсенділері әрдайым елдегі өзекті мәселелер — лудомания, нашақорлық, қарызға батушылық, жұмыссыздық секілді түйткілдерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынуға атсалысып келеді. Белсенді жастар АЭС салу бастамасын, сондай-ақ экологиялық акциядан жалпыхалықтық қозғалысқа айналған «Таза Қазақстан» бастамасын қолдады.
" «Жастар Рухы» қозғалысы — белсенді, бейжай қарамайтын, мақсатшыл жастарды біріктіре отырып, ел өмірінде ерекше орын алатын ұйым. Шығыс Қазақстан — тек өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамыған өңір ғана емес, сондай-ақ бай мәдени мұрасы, ерекше табиғаты, мол адами және зияткерлік әлеуеті бар өлке. Мемлекет, қоғам және жастар біріге отырып қана өңір мен ел алдындағы ауқымды міндеттерді жүзеге асыра аламыз", — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жиын барысында елдің әр өңірінен келген делегаттар сөз сөйледі. Мәселен, Риддер қаласынан келген гидрометаллург Ольга Ушакова мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жандандыруды ұсынды. Бұл — жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
7-10 шілде аралығында лагерь аясында түрлі семинарлар мен тренингтер, өзекті тақырыптар бойынша пікірталастар, тәжірибе алмасу, сондай-ақ «Алтай-2025» этнофестивалі өткізіледі.
Пікірлер