Шығыс Қазақстан облысындағы «Рахман қайнарлары» шипажайына баратын жолға алғаш рет асфальт төселмек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазіргі уақытта Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың 437-450 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу мамыр айында басталған.
— Бұл жол Өрел, Аршаты, Берел елді мекендері мен «Рахман қайнарлары» шипажайына көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Жөнделіп жатқан 13 шақырымдық учаске IV техникалық санатқа жатады және бұрын қиыршық таспен жабылған болатын, — дейді «ҚазАвтоЖол» мекемесінің өкілдері.
Жоба аясында су бұру жүйесін ұйымдастыру мақсатында кюветтер, су өткізгіш құбырлар, науалар мен дренаж жүйелері салынуда.
— Қазіргі таңда дренаж орнату, су өткізу құбырларын төсеу, жүріс бөлігін кеңейту жұмыстары қарқын алып жатыр. Сонымен қатар құрылыс материалдары да дайындалуда, — дейді жол компаниясының мамандары.
Пікірлер