Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик мырзамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сапар аясында білім беру, атом энергетикасы, туризм және агроөнеркәсіптік кешен салаларында екі жақты ынтымақтастықты дамыту жоспарлары белгіленді.
"Smart-фермалар құру, сондай-ақ шығысқазақстандық бал мен басқа да табиғи өнімдерді экспорттау жобалары ерекше қызығушылық тудырды. Бұл бағыт сауда көлемін ұлғайтуға және заманауи технологияларды енгізуге жақсы мүмкіндік береді. Туризм саласы да назардан тыс қалған жоқ. Біз Қазақстанның, оның ішінде ШҚО-ны қамтитын туристік өнімді қалыптастыру мен тікелей әуе қатынасын дамытудың маңыздылығымен келістік. Біздің өңір туристерге бірегей табиғи ландшафттарды, мәдени бағыттар мен инфрақұрылымды ұсына алады", – деп атап өтті облыс әкімі.
Оның айтуынша, биыл Қазақстанда Корей диаспорасының құрылғанына 35 жыл толуына байланысты ШҚО мерейтойлық іс-шараларға белсене қатысады. Әкім Корей қауымдастығының өңірдің дамуына қосқан үлесіне ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында Нұрымбет Сақтағанов Чжо Тэ-ик мырзаны «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне қатысуға шақырды.
ШҚО-ға сапары барысында Корея делегациясы Үлбі металлургия зауыты мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде болды.
Пікірлер