
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жиында өңірді дамытудың басым бағыттары, негізгі инфрақұрылымдық жобалар және тұрғындардың өзекті мәселелерді шешудегі рөлі талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қоғамдық кеңес – билік пен халық арасындағы алтын көпір. Сондықтан да, әрбір бастамаларыңыз, сындарлы көзқарастарыңыз біз үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаев азаматтық қоғамды дамыту – еліміз үшін негізгі басымдықтардың бірі екендігін әрдайым ерекше атап келеді. Себебі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және әділетті қоғам құру жолында өзара ынтымақтастық шешуші рөл атқарады», – деді облыс әкімі.
Нұрымбет Сақтағанов өткен жылдың қорытындысына сәйкес өңір тұрақты өсім көрсеткенін атап өтті. 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылған, оның 5,5 мыңы тұрақты жұмыс орны. Облыста Президенттің 2029 жылға қарай ел экономикасының өсу қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға ерекше назар аударылған.
«Басымдықты экономиканы әртараптандыруға бағыттадық. Шығыс Қазақстан сыртқы конъюнктураның өзгеруіне тұрақты болуы тиіс. Өңірде 875 млрд теңгеге 52 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, биыл оның 11 аяқтау жоспарланған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жаңа жобалар пысықтаудамыз», - деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Өткен аптада облыс орталығында 8 шет мемлекетері мен ТМД елдерінің дипломатиялық миссия өкілдерінің қатысуымен облыстың инвестициялық әлеуетінің тұсаукесер форумы өтті. Осы жұмысты жалғастыру үшін биыл күзде Өскеменде 30-дан астам елдің дипломатиялық корпусы мен компаниялары басшыларының қатысуымен Халықаралық инвестициялық форум өткізу жоспарланған.
Туризм аймақты дамытудың маңызды бөлігіне айналды. Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежайлардың құрылысы басталды. Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар қарқын алған, осы жылы кемінде 700 км республикалық және жергілікті маңызы бар жол жөнделеді. Жыл басынан бері 16 ауылдық елді мекен интернетке қосылды. 2027 жылдың соңына дейін республикалық жол картасы аясында тағы 123 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Жиын барысында облыстық қоғамдық кеңес төрайымы Аяужан Әшімова атқарылған жұмысқа тоқталса, кеңес мүшесі Ольга Кузовлева мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы, Геннадий Корешков өңірдегі экология мәселесін көтерді.
Нұрымбет Сақтағанов Қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенді жұмысы үшін алғысын білдіріп, жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде азаматтық бақылаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде кеңестің құрамында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, саяси партиялар мен бизнес өкілдері, медицина саласының мамандары бар.
Биыл, Қоғамдық кеңестер туралы заңға сәйкес, өкілеттік мерзімі аяқталған мүшелердің орнына ашық конкурс арқылы жаңа құрам жасақталды. Нәтижесінде 2 қала мен 8 ауданда Қоғамдық кеңес құрамы жаңартылды. Қазір барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің жалпы құрамы – 180 адамды құрайды.
«Қоғамдық кеңестер тиімді диалог алаңдары ретінде табысты жұмыс істеп келеді. Тамыз айының ортасында өңірлік азаматтық форум аясында тағы да жүздесеміз. Өздеріңізбен бірге Президенттің «Адал азамат», «Адал еңбек», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» идеяларын іске асырудамыз. Баршамыз ел бірлігін сақтау, тәуелсіз Қазақстанды орнықты да Әділетті мемлекет ретінде дамыту жолында еңбек ете берейік», – деді облыс әкімі.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер