A+ A A-

talgatzhan 40 Кеше, 14:00 0

ШҚО-да аймақтық ақсақалдар форумы өтті

Бүгін / ШҚО

Өскеменде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Аймақтық ақсақалдар форумы» өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жиынға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, өңірлік Ақсақалдар кеңестерінің мүшелері, дін қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.


Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде бүгінгі қоғамда шариғат талаптарына, ұлттық құндылықтарға сай келмейтін кейбір теріс әрекеттер белең ала бастағанын айтты.

– Қаралы үйдің ас беруі – перзенттік парыз. Алайда бүгінде кейбір отбасылар бұл рәсімге шектен тыс шығындалып, аста-төк дастархан жаюға мәжбүр болуда. Бұл — бір жағынан бәсекеге айналып барады. Мұндай әрекеттер шариғатқа да, салтымызға да қайшы. Біз бұған дейін ас беру тәртібі мен мәзірін бекіттік. Енді осыны ақсақалдар болып, қоғам болып халық арасында кеңірек насихаттауымыз қажет, – деді Бас мүфти.

Форум барысында қоғамдағы ысырапшылдықтың алдын алу, жастар тәрбиесіне мән беру, ақсақалдар институтының рөлін күшейту және дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиынға қатысқан ақсақалдар да бұл бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында пікір білдіріп, тәжірибелерімен бөлісті.

- Бүгінгі форумға кәріміз бар, жасымыз бар жиналып, ас беру мәдениетін талқылауға келдік. Ысырапшылдыққа жол бермеу керектігі туралы ұлы Абай да айтқан. Біз Ақсақалдар алқасымен ақылдаса отырып, қонақасыны беруді қою керек деген шешімге келдік, - деді Өскемен қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаухан Аухадиев. 

Айта кетейік, форум аясында Бас мүфти Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылында жаңадан салынған мешіттің ашылу салтанатына қатысады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив