Биыл Металлургтер күні ерекше маңызға ие болды – бұл кәсіби мереке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында аталып өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Металлургтерді кәсіби мерекемен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, бұл саладағы еңбек дәстүрлерінің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, еңбек әулеттері, өндіріс мәдениетінің жоғары деңгейі мен мамандардың өз ісіне деген адалдығы – Шығыс Қазақстан металлургиясының айрықша белгісі. Салтанатты шарада аймақтағы металлургия саласының озат қызметкерлері мемлекеттік және өңірлік наградалармен марапатталды.
Айтар болсақ, III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен – «Востокцветмет» ЖШС Артемьев кеніші жер асты учаскесінің тау-кен шебері Серікқан Төлеубаев пен «Казцинк» ЖШС мыс зауытының балқытушысы Қазез Бекшентаев марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен – «Казцинк» ЖШС Малиев кеніші тиеп-тасымалдау машинасының машинисі Руслан Қарықбаев марапатталды.
Бұдан бөлек, аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталғандар - ҮМЗ АҚ уран өндіру зауытының 6-сы разрядты аппаратшысы Михаил Матрёнин, ТМК АҚ №3 цехының титан мен сирек металдарды қалпына келтіру және айдау пешшісі Юрий Куликов, ТМК АҚ №12 цехының балқытушысы Азамат Қожахметов, «Востокцветмет» ЖШС Ертіс шахтасының өндірістік учаскесінің скреперлі лебедка машинисі Нұрлан Есімбеков, Артемьев шахтасының тиеп-тасымалдау машинасының машинисі Архат Көпжасаров.
Бұл марапаттар кәсіби мерекемен қатар, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында табысталып, индустриялық еңбектің маңыздылығы мен әлеуметтік құндылығын айқындайды. Елде жаңа өнеркәсіптік трансформация жағдайында мемлекет білікті жұмысшы кадрларды даярлауға, өндірістік мәдениетті дамытуға және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
– Құрметті металлургия саласының қызметкерлері! Сіздер шығаратын өнім тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық нарықта да үлкен сұранысқа ие. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен адалдықтарыңыз – өндірістің тұрақты жұмысының және ел экономикасының ілгерілеуінің негізі. Сіздердің арқаларыңызда зауыттарымыз уақыт сынынан сүрінбей өтіп, күшейіп, дамып, инновацияларды енгізіп, үздік дәстүрлерді сақтап келеді. Әсіресе, осы кәсіпорындардың іргетасын қалаған ардагерлерге алғысым ерекше. Сіздердің еңбектеріңіз – бүгінгі жетістіктердің іргетасы. Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, ертеңгі күнге сенім және кәсіби табыс тілеймін! – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Пікірлер