A+ A A-

talgatzhan 32 22-07-2025, 12:10 0

ШҚО-да "Ізгі жүрек" иегерлері марапатталды

Бүгін / ШҚО

Өңірде Металлургтер күніне орай өткен салтанатты шарада "Ізгі жүрек" сыйлығының иегерлері марапатталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған марапатты "Казцинк" компаниясы жыл сайын ерекше ерлік пен қайырымдылық танытқан жандарға тағайындайды. Биыл байқау қорытындысы бойынша үш лауреат анықталды.

– Мен бұл марапатты суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалғаным үшін алдым. Жалпы 1165 дауыс жинадым. Шынайы қолдау көрсетіп, дауыс берген барлық азаматқа алғысым шексіз, – деді байқау жеңімпаздарының бірі Ерасыл Омархан.

Байқау нәтижесіне сәйкес Жанасбек Пермабек 1367 дауыс жинап бірінші орынға ие болса, Алмас Елемес 1184 дауыс, ал Ерасыл Омархан 1165 дауыс жинады.

– Қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Бір жағынан толқып тұрсам, бір жағынан ерекше мақтаныш сезімі бар. Ерлігімді елеп, осындай марапатпен құрметтеп жатқан "Казцинк" ұжымына алғысым зор. Өзім көпбалалы әкемін. Бұл марапатты отбасым мен балаларымның құрметіне арнаймын, – деді Жанасбек Пермабек.

Марапаттау рәсімі Металлургтер күніне орай ұйымдастырылғандықтан, шара барысында компанияның үздік қызметкерлері де құрметке ие болды.

– Металлургтер күні – бұл біздің үлкен отбасымыздың мерекесі. Бұл тек "Казцинк" компаниясының қызметкерлері ғана емес, кәсіпорын бөлімшелері орналасқан елдімекен тұрғындары үшін де маңызды күн. Біз тек кәсіби жетістіктерді ғана емес, қауіп-қатерге қарамастан өзгелерге көмек көрсеткен азаматтардың ерлігін де атап өткенімізге қуаныштымыз, – деді "Казцинк" ЖШС бас директоры Жанат Жанботин.

Мерекелік шара соңы қазақстандық эстрада әншілерінің концертімен қорытындыланды.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив