A+ A A-

talgatzhan 1 23-07-2025, 16:05 0

ШҚО-да коммуналдық саладағы 10 қызметкерге жеңілдетілген ипотека берілді

Бүгін / ШҚО

Шығыс Қазақстан облысында коммуналдық сала қызметкерлерін тұрғын үймен қамтуды көздейтін «Шығыс жұмыскер» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы өз нәтижесін беруде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгін облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында осы бағдарламаға қатысу үшін келіп түскен өтініштер бойынша комиссия отырысы өтті.

Комиссия шешімімен 10 коммуналдық қызметкер жеңілдетілген ипотека арқылы баспаналы болуға мүмкіндік алды. Бұл бағдарлама жылу, су, кәріз және қоқыс шығару қызметтерінде еңбек ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың мамандарын қолдап, оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылады.

Басқарма маманы Гүлназ Бауыржанованың айтуынша, 26 маусым мен 11 шілде аралығында 39 мамандық бойынша 20 коммуналдық кәсіпорыннан өтініштер қабылданған. 

- Комиссия құрамында партия, мәслихат, еңбек инспекциясы, кәсіподақ және «Отбасы банкі» өкілдері болды. Олар барлық өтінішті бекітілген талаптар мен бағалау критерийлері бойынша мұқият қарастырған. Бағалау кезінде еңбек өтілі, отбасындағы балалар саны, мүмкіндігі шектеулі мүшелердің бар-жоғы, тұрғын үй кезегінде тұруы сияқты бірқатар әлеуметтік факторлар ескерілді. Ең жоғары балл жинаған 10 қызметкер жеңімпаз атанды, — деді Гүлназ Бауыржанова.

Айта кетейік, өткен жылы бұл бағдарлама арқылы энергетика саласында қызмет ететін 17 маман қоныс тойын тойлаған болатын.

Бағдарлама шарттары бойынша берілетін ең жоғары несие сомасы — 20 миллион теңге. Бастапқы жарна – 10%, ал несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – 5%.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив