Алматыда орныққан “Еврохим” компаниясы өкілдері Винное ауылы аумағындағы Дала күнінде тыңайтқыштың бірнеше түрін таныстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, алматылықтар минералды тыңайтқыштардың барлық спектрін ұсынады.
- Шығыс Қазақстан облысында сульфоаммафос тыңайтқышы көп тұтынылады. Құрамында азот фосфоры бар. Бұл өңір майлы дақылдарды мол егумен ерекшеленеді. Осы тыңайтқышты қолдану арқылы шаруалардың 90%-на жуығы өнімді жақсы алады. Фосфорлы тыңайтқыштан бөлек, аммофос 12-52-ны айтуға болады. Мұнымен қоса, азотты тыңайтқыштар тобы бар. Айталық, Қаз-32, селитра, карбонит және тағы басқасы. Осыларды Шығыс Қазақстан жұртына кеңірек таныстырсақ дейміз. Қиындық келтіріп тұрған тұсы, шаруалардың көбі онымен қалай жұмыс істеуді білмейді. Тұқым күйіп кетеді деп қорқатын сияқты. Енді осы бағыттағы жұмысты 2026-шы жылға дейін жалғастырсақ дейміз. Ендігі тыңайтқыш құрамында калий мол болады. Оны келесі жылдың тамыз айында сатылымға шығарамыз, - деді “Еврохим” компаниясының агрохимиялық сервис маманы Анастасия Губайдуллина.
Оның сөзінше, аталған компания өнімдерін бұрын-соңды Шығыс Қазақстанға әкелмеген.
- Ресейден бірнеше өңірінен жеткіземіз. Aqualis тыңайтқышы да біршама әсерге ие. Ерекшелігі сол, суда ериді. Бізде соның жеті маркасы бар. Бұлар өсімдікке дәрумен ретінде қолданылады. Әлсіреп, қурап, сарғая бастаса осыны іске жаратуға болады. Әдетте, көктем шыға, көп өсімдікке фосфор жетіспейді. Кейбірі вегетациялық кезеңнің бол ортасында өңін жоғалтады. Калийі мол тыңайтқыш көкөніс еккендерге қолайлы. Тамшылап, түтікше арқылы да дәрумен беруге болады, - деді Анастасия.
Анықталғандай, бұл тыңайтқыш құрамы толық. Бар болғаны нұсқама бойынша ерітіп, тұқымға қолдану қажет. 25 келілік қаппен саудаланады. Ауыл тұрғыны сатып алса, бірнеше маусымға жетеді.
- Тыңайтқыштың бір келісі 1000 теңгеден. Суда еритін басқа түрлерін алсақ, бағасы едәуір арзан. Зауытта бәрі автоматтандырылған. Сондықтан сапа жағынан олқылық болмайды. Тыңайтқыш құрамындағы компоненттер еуропалық талапқа сай. Сульфоаммофос Шығыс Қазақстанда көп сұранысқа ие, - деді маман.
Пікірлер