Шекара қызметінің құрылған күні қарсаңында өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келген жас офицерлермен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жас офицерлер өздерінің қызмет жолын Шығыс Қазақстан өңірінде бастап отыр. Облыс басшысы бұл аймақтың мемлекеттік шекара шебіндегі стратегиялық маңыздылығына тоқталып, офицер мамандығының ел үшін айрықша рөлін атап өтті.
– Шығыс Қазақстан – мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды өңір. Шекара – карта бетіндегі жай белгі емес, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығының символы. Офицер – ел намысын, жер тұтастығын, халық тыныштығын қорғаушы тұлға. Сіздерге артылған сенім мемлекеттік шекарамыздың тыныштығын күзету, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Кездесу барысында аймақ басшысы жас офицерлерге сәттілік тілеп, олардың адал қызметі еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін маңызды екенін жеткізді.
Пікірлер