Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті халықпен кездесіп, еліміздің білім және ғылым саласындағы соңғы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы баяндады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Саясат Нұрбектің айтуынша, 2027–2028 оқу жылында 1-сыныпқа баратын оқушылар саны рекордтық көрсеткішке жетпек. Осыған орай, мектеп инфрақұрылымын дамыту, жаңа білім беру нысандарын салу және мұғалімдердің жүктемесін оңтайландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
— Біз бұл толқынға қазірден бастап дайын болуымыз керек. Балаларға сапалы білім мен қолайлы орта қамтамасыз ету – басты мақсат, — деді министр.
Сапар барысында министр еліміздің жоғары оқу орындарында жасанды интеллектіні оқыту міндетті пән ретінде енгізілгенін атап өтті. Бұл бастама бойынша Қазақстан – алғашқы мемлекет.
— Бүгінде 650 мың студент ЖИ негіздерін меңгеріп жатыр. Бұл — үлкен серпіліс. ЖИ құралдарын ең қарқынды енгізіп жатқан өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан, — деді Саясат Нұрбек.
Министрдің мәліметінше, қазір еліміздің ЖОО-ларында 119 ЖИ-ге негізделген цифрлық көмекші қолданыста. Олар студенттер мен оқытушылардың жұмысын едәуір жеңілдетуде.
— Шығыс Қазақстан – бұл бағытта чемпион. Мұндағы университеттер заманауи технологияларды тез әрі сапалы енгізіп келеді, — деп түйіндеді министр.
Пікірлер