Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс XXIII сессиясында үш жылдық бюджетке өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ұзақ мерзімді жоспарлауға көшу бір жылдың ішінде аяқталмайтын ірі жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Үш жылдық бюджет тұрақты қаржыландыру мен қаражаттың ашық бөлінуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ маңызды жобалардың тоқтап қалмауына мүмкіндік береді, - деді аймақ басшысы.
Белгілі болғандай, Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығындағы урология бөлімшесін, Зайсан аудандық ауруханасындағы инфекциялық бөлімшесін күрделі жөндеуді аяқтауға 78,7 млн теңге, Зайсан аудандық ауруханасындағы мәйітхана ғимаратын күрделі жөндеуге 32,4 млн теңге бөлінбек. Сондай-ақ Тарбағатай аудандық ауруханасының мәйітханасын, шаруашылық блогын, су және жылу жүйелерін күрделі жөндеуге 200 млн теңге, аурухана жанындағы емхананы қалпына келтіруге 146 миллион теңге жұмсалады. Ал дәрігерлік амбулатория ғимаратын күрделі жөндеуге 189,7 млн теңге қажет.
Бұдан бөлек, Күршім аудандық ауруханасының мәйітханасын күрделі жөндеуге 60,2 млн теңге, «Б» блогының бірінші және екінші қабаттарын жөндеуге 155 миллион теңге бөлінеді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер