A+ A A-

talgatzhan 32 12-08-2025, 11:30 0

ШҚО-да жылыту маусымына дайындық күшейтілуде

Бүгін / ШҚО

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жылу көздерін жөндеу жұмыстарын күшейту және жоспарланған іс-шараларды уақтылы аяқтау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

- Автономды қазандықтар мен тұрғын үй қоры 15 тамызға дейін толық дайын болуы тиіс. 1 қазанға дейін көмір жеткізушілермен өзара іс-қимыл тетіктері пысықталу керек. Қажетті отын көлемінің кестеге сәйкес жеткізілуін қамтамасыз етіп, оны теміржол тұйықтарында сату мен тиеу кезінде кезекке тұру жағдайларын болдырмау қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысының айтуынша, барлық қала мен ауданда бұл мәселелерді тұрақты бақылауда ұстайтын арнайы штабтар жұмыс істеуде. Қазіргі таңда білім беру нысандары көмірмен 93%, денсаулық сақтау 81%, әлеуметтік сала 81% қамтамасыз етілген. 

Өскеменде 1753 тұрғын үйдің 1053-і дайындық паспортын алды. Риддерде қазандықтардың дайындығы әзірге 65%-ды құрайды, жылу желілерін жөндеу кестеге сай жүргізілуде.

- Барлық жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Себебі Риддер – облыстың ең суық аудандарының бірі. Мұнда жылыту маусымы ертерек басталуы мүмкін, – дейді өңір басшысы.

Облыстың көмірге деген қажеттілігі 452,5 мың тоннаны құрайды, қазіргі уақытта оның 40%-ы жеткізілген. Зайсан ауданының әлеуметтік нысандарын отынмен қамтамасыз ету үшін облыс әкімі 15 тамыздан бастап Кендірлік кен орнында көмір өндіруді бастауды тапсырды.

Коммуналдық кәсіпорындардың берешегі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде, қарыз бюджет түзетілгеннен кейін өтеледі. Өңірде берешектерді тексеретін жұмыс тобы құрылады, ал олар өтелмеген жағдайда материалдар сотқа жіберіледі. 

Айта кетейік, Өскеменде әлеуметтік көмірге 809 өтінім түскен. Осыған байланысты халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Сондай-ақ өңір басшысы денсаулық сақтау нысандарының көмір қорын тексеріп, алдағы жылыту маусымында олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив