A+ A A-

talgatzhan 33 13-08-2025, 09:50 0

Өмірін отпен арпалысқа арнаған

Бүгін / ШҚО

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы Болат Нұрдыбаев отты ауыздықтау ісінде отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Болат Нұрдыбаевтың айтуынша, от – тек жігері мығым жандар ғана еңсере алатын апаттың бірі. Өрт сөндірушілер күн сайын жалынның жойқын қуатымен бетпе-бет келеді. Ол қанша ғимарат пен адамның құтқарылғанын санамайды. Бұл жылдар ішінде талай мәрте өмірін қатерге тігіп, талай сыннан сүрінбей өткен.
– Нағыз өрт сөндіруші – болаттай берік, төзімі мен рухы шыңдалған адам. От мықтылардан қорқады, бірақ онымен тең дәрежеде тіл табысу қажет. Өзіңді жоғары қойсаң, жеңіліс табасың. Жалынының қулығын тек тәжірибе арқылы ұғуға болады, – дейді Болат Нұрдыбаев.
Оның айтуынша, бұл мамандықты таңдауға 8-сыныптан кейін білім алған Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп елеулі әсер еткен. Әскери-патриоттық тәрбие мен қатаң тәртіп өмірлік ұстанымына айналды. Жасөспірім шағында Алматыдағы өрт-техникалық училищенің қасынан жиі өткен ол, сол кезде болашақ тағдырын өрт сөндіру ісімен байланыстыратынын әлі білмеген еді. Кейін қарапайым өрт сөндірушіден бөлім басшысына дейінгі жолды жүріп өтіп, талай ірі өрттің сөндірілуіне басшылық жасады. Қызмет барысында Алматы жоғары өрт-техникалық училищесін тәмамдады.
– Есімде қалған ең күрделі жағдайлардың бірі – металл қабылдау зауытындағы өрт. Жоғары температура, лапылдаған май, қою түтін… 1998 жылы біздің қолымызда бар-жоғы брезент, дулыға, шапан, шахтер шамы, “Көлік” радиостанциясы және 2350 литр суы бар “ЗИЛ-130” көлігі ғана болды. Қорқыныш сезімі болғаны рас, бірақ біз оны жеңіп, өрттің ошағын тауып, қосымша күш шақырып, жалынды ауыздықтадық, – деп еске алады ол.
1997 жылы ол Семейде және Шығыс Қазақстан облысының өзге де аудандарында өршіген орман мен дала өрттерін сөндіруге қатысқан. Марқакөл мен Самар аудандарында бидай алқаптары мен орманды тілсіз жаудан қорғауға атсалысты.
– Өрттен жеңіліп, адам шығыны да кездесті. Бірақ ең бастысы – ешқашан берілмеу. Жас құтқарушыларға мамандығын қастерлеуді, тәжірибелі аға буыннан үйренуді, бұл жолды мақтан тұтуды үйретемін. Қазір заманауи техника мен құрал-жабдық жеткілікті. Тағдыр мені отпен байланыстырғанына өкінбеймін, – дейді Болат Нұрдыбаев.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив