Бүгінде облыс бойынша 500-ден астам ветеринария саласының маманы еңбек етуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірде барлығы 13 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын және 100 ветеринариялық пункт жұмыс істейді.
– Бұл құрылымдар өңірдің эпизоотиялық ахуалын тұрақтандыруға, мал шаруашылығын дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға айтарлықтай үлес қосып отыр. Бүгінгі шара ветеринария қызметін материалдық-техникалық тұрғыда нығайтуға бағытталған. Соңғы жылдары мал ауруларымен күрес, алдын алу жұмыстары ерекше маңызға ие, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Жалпы алғанда 113 арнайы техника 2,3 млрд теңгеге сатып алынды. Қыркүйек айының соңына дейін тағы 20 арнайы техника жеткізіледі. Оның 13-і дезинфекция жұмыстарын жүргізуге арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған.
– Бұл техникалар белгілі бір мерзім сайын жаңартылып отырады. Ветеринариялық қызметке соңғы рет 2013 жылы автокөліктер берілген еді. Ендігі уақытта біз әр 5–6 жыл сайын оларды жаңартып отыруды жоспарлап отырмыз, – дейді аймақ басшысы.
Шараға облыстың әр ауданынан келген ветеринария саласының мамандары мен басшылары қатысты. Оларға Cobalt маркалы жаңа қызметтік автокөліктер табысталды.
– Бұл – жай ғана техникалық құралдар емес, біздің ортақ қауіпсіздігіміздің кепілі. Себебі сенімді көліксіз эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Облыс басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғысымыз шексіз, – деді ветеринария саласының ардагері Есенгелді Ескеұлы.
Жаңартылған автопарк мамандардың жұмыс тиімділігін арттырып, шалғай ауылдарда дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер