Ұлан ауданында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен белсенді жастармен кең көлемді кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл шараға ауданға қарасты бірнеше ауылдық округтен келген жас буын жиналды. Кездесудің басты мақсаты – жыл басынан бері ауданда атқарылған жастар іс-шараларының қорытындысын талқылау, алдағы жоспарлармен бөлісу және жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау. Олардың шешім қабылдау процесіне қатысуын арттырып, әлеуетін ел игілігіне бағыттау мәселесі де назардан тыс қалмады.
Жиын барысында белгілі болғандай, жыл басынан бері Ұлан ауданында жастардың қатысуымен 42 түрлі іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде бос уақытты тиімді өткізуге арналған мәдени және спорттық бағдарламалар, ақпараттық-ағартушылық жобалар, маңызды мерекелік және тарихи даталарға арналған кездесулер мен акциялар бар.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Серғазина жастардың қоғамдағы рөлі өте зор екендігін айтты.
- Жастар – елдің ертеңі, біздің болашағымыз. Ауданымызда өтіп жатқан іс-шараларда әр ауылдан келген жас азаматтар белсенділік танытып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Алдағы уақытта да мұндай кездесулер жалғасын тауып, жастардың белсенділігі арта береді, - деді ол.
Айта кетейік, кездесу барысында қатысушылар өзара ой-пікірлерімен бөлісіп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Жастар арасындағы ынтымақтастық пен өзара қолдау тақырыптары қызу талқыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастарды жігерлендіріп қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.
Бұдан бөлек, жиын соңында жыл көлемінде атқарылған шараларға белсене қатысқаны үшін бірнеше жас марапатталып, оларға Алғыс хаттар табысталды.
Кездесуден кейін жастарға аудандық мәдениет үйінде “Quiz” ойыны ұйымдастырылды.
Пікірлер