
Әр шағым – бір тағдыр: Ерекше тапсырмалар жөніндегі полиция подполковнигінің бір күні
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы берекесін бұзып, адам тағдырын талқандайды. Бұл – қоғам үшін аса өзекті әрі күрделі мәселе. Осы зұлымдықпен күресіп жүрген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Әсіресе, бұл саладағы инспекторлар әрбір арыз-шағымның артында бір адамның тағдыры, өмірлік драмасы жатқанын жақсы түсінеді.
Бүгін біз "Погондағы журналист" акциясы аясында Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Зарина Алимжанованың бір жұмыс күніне куә болдық.
Таңертеңгі тыныштық – күрделі күннің бастауы
Зарина Алимжанованың жұмыс күні таңғы сағат 08:30-да басталады. Жұмысқа келе сала, ұжымдық жиналыс өтеді. Онда апта жоспары мен негізгі міндеттер талқыланып, әр қызметкер өзіне жүктелген бағыт бойынша жұмысқа кіріседі.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтау, алдын алу және зардап шеккендерге тиісті көмек көрсету.
– Катонқарағай ауданының тумасымын. Жоғары білімді Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінен алдым. Алғашқы мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Кейін заң саласына бет бұрып, құқық қорғау органдарында қызмет етуді таңдадым. Бүгінде ішкі істер саласында еңбек етіп жүргеніме 20 жылға жуықтады. Бұл – мен үшін жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін, өмірлік жолымды айқындаған маңызды мамандық, – дейді Зарина Қайролдақызы.
Білім мен тәжірибе алмасу
Түске таяу қызметкерлер «Зорлық-зомбылықсыз өмір» атты семинар-тренингке қатысты. Жиын барысында сала мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі жағдаяттарды талдады. Тренинг соңында Зарина Қайролдақызы баяндама жасап, әйелдер мен балаларға жасалатын қысым, олардың психологиялық жай-күйі туралы нақты деректер мен талдаулар келтірді.
Арыз бойынша алғашқы тексеру
Сағат 15:30 шамасында полиция бөлімшесіне әйел адам хабарласып, күйеуінің жиі қол көтеретінін жеткізді. Зарина Алимжанова әлеуметтік қорғау органдарының мамандарымен бірге көрсетілген мекенжайға барып, жағдайды өз көзімен көрді. Баспана іші өте аянышты күйде еді – шашылған заттар, еденде сыра бөтелкелері, жағымсыз иіс. Жұппен әңгімелесу барысында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, қажетті құжаттар рәсімделді.
– 2025 жылдың қаңтар айынан бастап Ішкі істер министрлігінің шешімімен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйелдерді қорғау бағытында арнайы бөлімше құрылды. Себебі соңғы жылдары нәзік жандыларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтар саны күрт артты. Көп жағдайда әйелдер өздеріне көрсетілген қысым мен зорлықты айтуға ұялады, тіпті отбасы мен бала үшін үнсіз қалуға мәжбүр болады. Бұл – өте күрделі әрі қауіпті жағдай. Өйткені үнсіздік құқықбұзушының жазасыз қалуына және әрекетін қайталауына себеп болады, – дейді полиция подполковнигі.
Жауапкершілік жүгі ауыр
Зарина Қайролдақызы аудандардан келген әріптестерін Өскемен қалалық әкімдігіне қарасты «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен таныстырды.
– Біз мемлекеттік емес ұйымдармен, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерімен тығыз байланыстамыз. Мәселен, Өскемендегі «Феникс» орталығы, «Үлбі» дағдарыс орталығы – біздің негізгі серіктестеріміз. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар кез келген уақытта «102» жедел қызметіне немесе 8 (7232) 77-19-22, 8-771-445-11-44 нөмірлеріне хабарласып, анонимді түрде психолог көмегін ала алады, – деді ол.
Кешкі қоңырау
Сағат 17:00-де тағы бір қоңырау тіркелді. Тағы да отбасылық зорлық-зомбылық. Зарина Қайролдақызы әріптесімен бірге оқиға орнына барды. Әйел адамға жедел көмек көрсетіліп, күйеуі 40 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
– Бұл – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ауыр әрі жауапты жұмыс. Өйткені біздің әрекетіміз тікелей адам тағдырына әсер етеді. Сол себепті менің басты ұстанымым – адамгершілік пен әділет. Өз әріптестеріме де, жас мамандарға да бірінші кезекте осы құндылықтарды ұстануды үйретемін. Талапшылдық пен әділеттілік – біздің қызметіміздің негізі, – дейді Зарина Қайролдақызы.
Бір күн бойы Зарина Алимжановаға ілесіп жүріп, оның тек полиция қызметкері ғана емес, сонымен бірге психолог, медиатор, кейде тіпті кеңесші рөлін де атқаратынына көз жеткіздік. Отбасындағы тыныштық пен әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі – осындай жанқияр мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында қамтамасыз етіледі.
Сол себепті «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыруда отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің алатын орны ерекше. Қоғамдағы тұрақтылық пен отбасы институтының сақталуы тікелей осы саланың нәтижелі жұмысына байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер