Облыс әкімдігінің отырысында анықталғандай, осы жылдың бірінші жартыжылдығында 16 елді мекен интернет желісіне қосылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осылайша, өңірдегі 6 қала мен 226 ауылда ғаламтор жұмыс істеп тұр. Бұл облыс халқының 97,1%-ын немесе 706 мың адамды қамтиды.
Интернетке қосылу үшін ADSL, FTTH, 3G және 4G технологиялары қолданылуда.
ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 57 елді мекен интернет желісіне қосылады. Қазір бюджет есебінен орнатылған антенна-мачта құрылғыларын мобильді интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде.
Қалған 66 аз қоныстанған және интернетке қолжетімсіз ауыл 2027 жылдың соңына дейін интернетпен қамтылады. Сонымен қатар автокөлік жолдарының бойында 22 антенна-мачта құрылғысын салу жоспарланған.
- «Қолжетімді интернет» бағдарламасы аясындағы жобалар мен іс-шаралардың жүзеге асырылуы өңір халқын жоғары жылдамдықты әрі тұрақты интернетпен толық қамтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде цифрлық сервистердің дамуына, халықтың өмір сүру сапасының артуына және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалуына ықпал етеді, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 188 әлеуметтік маңызы бар нысанды интернетке қосуды қарастырады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер