Өңірде 11 тамыздан бастап дәстүрлі «Баланы мектепке дайындайық» акциясы қолға алынған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Акция барысы талқыға салынған жиынға «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов, облыстық мәслихат депутаттары Сергей Бежецкий мен Дмитрий Сомов қатысты. 28 тамызға дейін жалғасатын акцияның басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы және толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге көмек көрсетіліп келеді.
«AMANAT» партиясы ШҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов айтуынша, бұл шара игі дәстүрге айналған.
- Жыл сайын осы акцияны қолға алып келеміз. Партия депутаттары мен компания өкілдері бүлдіршіндерге мектепке қажетті оқу құралдарын табыстады. Негізгі көмек аз қамтылған, жағдайы төмен отбасылардың балаларына бағытталған, - деді ол.
Айта кетейік, аталған жоба 2010 жылдан бері «AMANAT» партиясының бастамасымен «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Мектепке жол» акциясы ретінде өткізіліп келеді.
Акциядан көмек алған ата-аналардың бірі Жазира Нұрғалиева ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.
- Осындай игі шараны ұйымдастырған “AMANAT” партиясына алғысым шексіз. Бұл – үлкен көмек. Бүлдіршіндеріміз – еліміздің ертеңі. Алдағы уақытта да акция жалғасын табады деп сенемін, - деді ол.
Пікірлер