A+ A A-

talgatzhan 31 22-08-2025, 09:30 0

ШҚО-да ормандарды өрттен қорғау шаралары күшейтілді

Бүгін / ШҚО

Анықталғандай, жыл басынан бері 14 өрт оқиғасы тіркелген. Жалпы өртенген аумақ көлемі 192,8 гектарды құрайды. Оның 5,1 гектары - орман алқаптары, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірде орман өртінің алдын алу және тілсіз жаумен күрес жұмыстарын коммуналдық орман шаруашылығы мекемелері жүзеге асырады.
– Өрттің алдын алу және бақылау мақсатында әуеден патрульдік қадағалау жүргізілуде. Биыл 62 шақырым жаңа минералды жолақ жыртылып, 540 шақырым бұрынғы жолаққа күтім жасалды. Қазіргі уақытта орман қорында 4 тікұшақ бар. Соңғы 7 жылда облыстық бюджеттен орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2 млрд 162 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 14 өрт сөндіру машинасы, 37 трактор (23-і шынжыр табанды, 14-і дөңгелекті), 40 шағын өрт кешені, 16 патрульдік көлік және өзге де өртке қарсы жабдықтар сатып алынды, – деді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Әміров.

Бұдан бөлек, орман күзетінің қарамағында 1181 қызметкер, 196 техника, 3 мыңнан астам жабдық және 6 дрон бар. Тағы 26 пилотсыз ұшу құрылғысын сатып алу жоспарланған. 29 тонна дизель, 48 тонна бензин қоры жасақталған.

Биыл қосымша үш вахталық көлік сатып алынды. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингтік негізде тағы 110 техника сатып алу көзделіп отыр. Оның жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайды.

Ал ШҚО ТЖД жанындағы Азаматтық қорғау академиясында 129 орман күзетінің қызметкері оқытудан өтті. Аймақтағы орман мекемелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

 

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив