Бүгін өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс әкімдігінде жұмыс кеңесі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары және қала басшылығы қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кеңесте күзгі-қысқы кезеңге дайындық, өңір инфрақұрылымы мен экономикасын дамыту мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік нысандарды электр, жылу және сумен қамтамасыз ету бағыттары бойынша жауапты тұлғалар бекітілді. Өскеменнің Сол жағалауын жылумен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімі энергетикалық инфрақұрылымды дамыту туризм ағынының артуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Бұқтырма демалыс аймағы сияқты туристік базаларды жылу, жарық және сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу маусымды ұзартуға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Кеңес барысында аймақ басшысы биылғы кемшіліктерді ескере отырып, 2026 жылға арналған туризмді дамыту жоспарын әзірлеуді, электр энергиясымен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік маңызды жобаларда «алдымен – сапа, кейін – мерзім» қағидатын сақтауды, «Altai Invest-2025» форумына дайындық бойынша аралық нәтижелерді дайындауды тапсырды.
Сонымен қатар өңір өнеркәсібін қолдау және экспорттық әлеуетті арттыру шаралары талқыланды.
Пікірлер